Өткен төрт айда Қазақстандағы 27 мыңнан астам отбасы баспанаға ие болды - ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың төрт айында Қазақстанда 27 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бұл туралы Мәжілісте «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысының барысы мен тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту шаралары» атты дөңгелек үстелде Ұлттық экономика вице-министрі Роман Скляр осылай мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша 3,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2015 жылдың осыған сәйкес кезеңіне қарағанда, 121,6 пайызға артық. Осының нәтижесінде республика бойынша өткен төрт айда 27 мыңнан астам отбасы өздерінің баспанаға қатысты мәселесін жақсартты», - деп атап өтті вице-министр.

Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2015-2016 жылы Ұлттық қорың қаражаты есебінен жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысына және қажетті инженерлік инфрақұрылым салуға 150 млрд теңге шамасында қаржыландыру көзделіп отыр. Бұның ішінде 11 млрд теңге жалға берілетін тұрғын үй құрылысына және сатып алуға Ұлттық қор қаражаты 2015 жылы - 92,5 млрд теңге, 2016 жылы 22,5 млрд теңге қарастырылған.
Жалпы, 2015 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 8,9 млн. шаршы метр баспана пайдалануға берілген, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 119% артық. Оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар тарапынан салынған баспана 1,45 млн шаршы метрді құрады, бұл республика бойынша пайдалануға берілген баспаналардың 16,3% тең. Ал жеке меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар, сонымен қатар, халықтың өз тарапынан салынған баспаналар көлемі 7,4 млн шаршы метрді құрап отыр. Бұл республика бойынша жалпы пайдалануға берілген баспаналардың 83,7 пайызына тең.