Өткен түнде Алматыда екі автокөлік ұрлаушы ұсталды

АЛМАТЫ. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Өткен түнде Алматыда екі автокөлік ұрлаушы ұсталды. Бірінші көлік Алматы қаласы Жетісу ауданы аумағындағы бір фирманың ауласынан ұрланған,

деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.

«МАЗ» маркілі автокөлікке қаскөй жасырынып келіп, қосу жүйесінде ұмыт қалдырылған кілтті пайдаланып айдап кеткен.

«Көлік ұрлаушы мас болған, сондықтан ол өз іс-әрекетіне есеп бере алмаған. Ауыр жүк көлігін жүргізуде тәжірибесі де болмаған. Тұрғын жайларды аралап шыққан ол үлкен жолға шығысымен газды қаттырақ басқан. Көлік ұрлығы жайлы ақпарат алған «Боран» шолғыншы тобы қылмыскердің жолын тосып тоқтатып алды. Еш қарсылықсыз берілген көлік ұрлаушы Алматы облысы Кербұлақ ауданының тумасы болып шықты. Бұрын ұрлығы үшін оның бірнеше мәрте сотталғаны мәлім болды»,-деп хабарлады Алматы қаласы ІІД Жедел басқару орталығының бастығы полиция полковнигі Андрей Квашинин.

Екінші ұры ТЖО-дан «Хонда» көлігін қолды еткен. Оның санасын жаулаған көлікке деген желік тас жол үстінде бір жүйткітуге деген құмарлығына қозғау салған. 32 жастағы Зәкір клиентінің келетінін естен шығарып, автокөлікпен түнгі қаланы тамашалауға көшкен тәрізді.

Аталған ТЖО-на келген көлік иесі өз тұлпарының орнында жоқ болғанынан секем алып, дереу полицияға шағым түсірген. Қала аумағында «Тұтқындау» шарасы енгізіліп, көп ұзамай аталмыш көлікпен келе жатқан қаскөйді криминалды полиция қызметкерлері тоқтатты. Ол алкагольді ішімдік ішпеген. Бірақ жүргізуші куәлігі болмаған. Қазір ол қамауға алынып тергеу амалдары жалғасуда.