Тамыздың 20-сына қараған түні Алматы-Ташкент тас жолының 575-ші шақырымында, Жуалы ауданының аудан орталығы Бауыржан Момышұлы кентінің тұсында «Ниссан-Сефиро» көлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «КамАЗ» көлігімен соқтығысып қалды. Оқиға салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі, Жуалы ауданы прокурорының аға көмекшісі мен оның 34 жастағы жолаушысы - ауыл мектебінің директоры оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен аудандық ауруханаға түсті. «КамАЗ» жүргізушісі, Оңтүстік Қазақстан облысының 38 жастағы тұрғыны зардап шеккен жоқ.
Сондай-ақ кеше Қордай ауданында Алматы-Ташкент тас жолының 168-ші шақырымында «Фольксваген Т-4» машинасының 34 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, «КамАЗ-5410» көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан жеңіл көліктің жолаушысы, 30 жастағы әйел ауруханада көз жұмған.
Екі оқиға бойынша сараптама тағайындалып, тексеру жүргізілуде.