Өткен жылы Ұлттық қор рекордтық инвестициялық кіріс алды

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы еліміздің алтын-валюта резервтері 42,8 пайызға өсті. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Коллаж: Kazinform; Freepik

— Өткен жылғы тұрақсыздыққа қармастан макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап қалдық. Экономикалық өсім 6,5 пайызды құрады. Инвестициялық кіріс және алтын-валюталық операциялар есебінен елдің алтын-валюта резервтері 65,4 млрд долларға дейін немесе 42,8 пайызға өсті. Ұлттық қордың активтері 63,9 млрд долларға дейін немесе 5,1 млрд долларға ұлғайды, 8,7 млрд немесе 15,1 пайыз рекордтық инвестициялық кіріс тіркелді. БЖЗҚ активтері 12 пайызға ұлғайып, 25,1 трлн теңгеге жетті. Ұлттық қаржы жүйесіне деген сенім артып келеді, — деді Тимур Сүлейменов Үкіметтің өткен жылғы республикалық бюджеттік атқарылуы туралы есебін талқылау барысында.

Оның дерегінше, долларлану деңгейі ең төменгі көрсеткішке жақын. Ол 21 пайызға төмендеді. Теңге бағамы 3,7 пайызға нығайды. Банк секторының активтер 70,8 трлн теңгеге дейін немесе 15 пайызға артты. Банктердің меншікті капиталы 10,6 трлн теңгеге дейін, яғни 19,2 пайызға өсті.

— Банктердің кредит портфелінің сапасы жоғары. Қабылданған пруденциялық шаралардың нәтижесінде тұтынушылық кредиттер портфелінің өсімі 2024 жылғы 33,5 пайыздан өткен жылы 21 пайызға дейін баяулады. Бизнеске кредиттер портфелі 18 пайызға ұлғайды, — деді ҰБ төрағасы.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы теңге бағамына қатысты түсінік берді.