Өткен жылдың желтоқсанында республика экономикасында 8,1 млн. адам жұмыспен қамтылды - Статистика

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Өткен жылдың желтоқсанында республика экономикасында 8,1 млн. адам жұмыспен қамтылды. Бұл ақпаратты ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өткен жылы жұмыспен қамтылғандар саны 206,9 мың адамға немесе 2,6 пайызға арта түскен. Сонымен қатар аталған кезеңде жалдамалы қызметкерлердің саны 5,5 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 67,1 пайызы) құраған.

«2010 жылғы желтоқсанда бағалау бойынша жұмыссыздар саны 477,7 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құрады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2010 жылғы желтоқсан айының соңына 35,4 мың адам ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,4 пайызын құрайды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар агенттік ақпараты бойынша желтоқсанда алдын ала бағалауға сәйкес жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,5 пайызына тең.