Өткен жылғы астықтың 5,5 млн. тоннасы эскпортталды - А. Күрішбаев

АСТАНА Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Наурыздың 20-сы күнгі жағдай бойынша өткен жылғы астықтың тағы 5,5 млн. тоннасы эскпортталды. Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі селекторлық отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, Үкіметтің қолға алған іс-шаралары нәтижесінде бүгінде отандық өнім өндірушілерден 5 млн тонна астық сатып алынды. Осының арқасында еліміздің ішкі нарығындағы жағдай тұрақтанып жатыр. «Наурыздың 20-сы күнгі жағдай бойынша өткен жылғы астықтың тағы 5,5 млн. тоннасы эскпортталды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 1,3 млн. тоннаға артық. Бұған қарамастан бізде әлі де қиындықтар бар. Себебі, егін егетін негізгі облыстарда орналасқан элеваторлар толып тұр. Ал астықтың әлемдік бағасының төмендеуіне байланысты бұл тауарды экспорттаудың деңгейі де түсуде», деді А. Күрішбаев.

Министр атап көрсеткендей, бүгінгі таңда өткен жылы жиналған рекордтық астықтың 4,9 млн. тоннасы қалып қойып отыр. «Бүгінгі таңда осы астықты жеңілдетіп экспорттау үшін 10 млрд. теңге қажет. Бұл еліміздің ішкі астық нарығындағы жағдайды толығымен тұрақтандыруға мүмкіндік береді», деді министр.