Өткен жылғы мұнай және газ экспортының көлемі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы 64,3 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 101,6 пайызды құрады. Мәселен, Теңіз кен орнында 29,2 млн тонна мұнай өндірілді немесе 2022 жылғы жоспарға 100 пайыз орындалды. Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру 11,3 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 103,8 пайызды құрады. Қашағанда мұнай өндіру көлемі 12,7 млн тонна немесе 2022 жылғы жоспарға 109,5 пайыз болды. 2022 жылы мұнай экспорты 64,3 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 103,4 пайызды құрады», - деді министр.

Оның дерегінше, өткен жылы газ өндіру көлемі 53,3 млрд текше метрге жетті. Ал тауарлық газ өндірісі 27,8 млрд текше метр болды. Бұл жоспардың 94 пайызын құрайды.

«Көрсеткішке қол жеткізбеу Орынбор газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын қабылдаудағы шектеулерімен, сондай-ақ Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарымен байланысты. Тауарлық газды ішкі тұтыну 19,3 млрд текше метрді немесе 2022 жылғы жоспарға 107,2 пайызды құрады. Газ экспорты 4,6 млрд текше метр немесе 2022 жылғы жоспарға 85,1 пайыз болды. Газ экспортының төмендеуі ішкі нарықтағы тұтынудың өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Халықты газбен қамтамасыз ету – басымдық. Ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 2,8 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға 98 пайызды құрады. Жоспарлы мәнге қол жеткізбеу Павлодар мұнай-газ-химия, Атырау мұнай өңдеу және СНПС-Ақтөбемұнайгаз зауыттарындағы жөндеулерге байланысты», - деді Болат Ақшолақов.