Өткен жылу беру маусымында ішімдікке масайған күйінде 112 адам көз жұмды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өрт кезінде адамдардың қаза болуына алкогольдік ішімдік себеп болып отыр. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті.

«Жылу беру маусымындағы өрт кезінде адамдардың қаза болуына ықпал ететін негізгі жағдайларға тоқталғым келеді. Төтенше жағдайлар комитеті жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, 2014-2015 жылдардағы жылу беру кезеңінде адамдардың қаза болуы фактілері орын алуда. Атап айтқанда, өткен жылу беру маусымында ішімдікке масайған күйінде 112 адам көз жұмды. Сонымен қатар адамдардың қаза болуына өрт кезінде ұйқыда болуы, балаларды қараусыз қалдыру, өрт кезінде дұрыс әрекет етпеу секілді кеңінен таралған себептер тіркеліп отыр», - деді ресми өкіл.

Р. Иманқұловтың сөзіне қарағанда, 2014-2015 жылдардағы жылу беру кезеңінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары 556 адамды құтқарған, сонымен қатар 61 млрд. теңгеден астам сомадағы материалдық құндылықтарды сақтап қалды.