Өткен жылы 100 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешілген

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы 113 мыңнан аса отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Бұл туралы бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылыс саласы жыл сайын тұрақты өсу қарқынын көрсетіп келеді. Жалпы ішкі өнім құрылымында құрылыс саласы 5,5 пайызды құрайды. Жалпы осы салаға 2018 жылы 3.8 трлн теңге инвестиция жұмсалды, ол өткен жылғы деңгейден 4,1 пайызға артық», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Вице-министр дерегінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды. Ол 2017 жылғы деңгейден 8,1 пайызға көп.

«Нәтижесінде жұмсалған 1 теңге мемлекеттік қаражатқа 6 теңге жеке инвестиция тартылды. 113 мыңнан аса отбасы өз тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 12,8 пайызға жоғары. Соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй енгізудің көлемі 1,7 есеге өсті. Тұрғын үй саласындағы инвестициялар көлемінің өсуі екі еседен асты», - деді Қайырбек Өскенбаев.