Өткен жылы 11 млн бөтелке алкоголь айналымнан алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы 11 млн бөтелке алкогольдік өнім айналымнан алынды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік кірістер комитеті міндеттерінің бірі акциздеуге жататын өнімдерді өндіру және сату саласын әкімшілеу болып саналады. Өткен жыл заңсыз әзірленген алкоголь өнімдерін анықтау тұрғысында барынша жемісті болды. 13 этиль спирті және арақ зауытына, сонымен қатар алкоголь өнімдерін көрме бағамен тарататын  84 тауар өткізушіге тексеру жүргіздік. Тексеріс қорытындысында 203 қылмыстық іс қозғалып, 11 млн бөтелке алкоголь өнімі мен 51 мың литр су  қосылған спирт қоспасы айналымнан алынды», - деді Комитет төрағасының орынбасары бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өткен жылы алкоголь өнімдерін шығарумен айналысатын 444 жасырын цехтың қызметі әшкереленіп, 123 млн теңгенің акцизі өндіріп алынды. Сонымен қатар, 82 млн теңге сомаға айыппұл салынды.

«2018 жылдың 1-ші тоқсанында алкоголь өнімдерін шығаратын екі зауыттың лицензиясы тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 742 мыңнан астам бөтелке алкоголь өнімдері мен шамамен 100 мың литр спирт пен құрамында спирті бар сұйықтық алынды», - деді М.Такиев.