Өткен жылы 4 мыңнан астам азамат жаза тағайындаудағы ізгілендіру саясатының арқасында бас бостандығынан айырылған жоқ - М.Әлімбеков

None
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өткен жылы 4 мыңнан астам азамат жаза тағайындаудағы ізгілендіру саясатының арқасында бас бостандығынан айырылған жоқ.

Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы сотының ақпараттық-техникалық орталығының ашылуы барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген аталған ведомствоның басшысы Мұсабек Әлімбеков айтты.

Оның атап өтуінше, 2009 жылы қарашада өткен ҚР Судьяларының 5 съезінде Мемлекет басшысы жаза тағайындауды ізгілендіру саясатын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Онда азаматтардың жасаған қылмысы жеңіл немесе орта дәрежеде болса, сонымен қатар қылмыс жасаушы азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, келтірілген зиянның орнын толтырса заңның ізгілігін, кешірімділігін қолдану мәселесі көзделген еді.

«Сол саясатты іске асыру барысында сот саласы біраз шаруалар атқарды. Егер 2009 жылы Қазақстан Республикасы бойынша барлық сотталған азаматтардың 18630-на бас бостандығынан айыру жазасы берілген болса, ал 2010 жылы ол 14200 адамға берілді. Яғни біз 4 мыңнан астам азаматқа бас бостандығынан айырмайтын басқа жазалармен соттау арқылы үкім шығардық», - деді.

Оның атап өтуінше, Жоғарғы сот заңға жазаны ізгілендіруді көздейтін толықтыруларын ел Парламентінің қарауына ұсынған. М.Әлімбеков әлі шешімін таппаған бұл мәселеге халық қалаулылары жуық арада оң қабақ танытады деп сенім артып отыр.