Өткен жылы 9 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді - Б.Сағынтаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы құрылыс саласының өсімі 4,3 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Құрылыс саласында біз оң динамиканы көріп отырмыз, өсім 4,3 пайызды құрайды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы аумағы 2014 жылмен салыстырғанда 18,9 пайызға артып, шамамен 9 млн. шаршы метрге жетті. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру өсімі еліміздің барлық өңірлерінде байқалды десек те болады», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар ол баспана құрылысы қарқыны Алматы, Қызылорда облыстары мен Астана қаласында біршама жоғары болғандығын айрықша атап өтті.