Өткен жылы Ауғанстанда 1 мың тоннаға жуық героин өндірілді

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2008 жылы құқық қорғау органдары тәркілеген героин көлемі 3 есеге артып, 1,5 тоннаны құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Героиннің заңсыз айналымында негізгі қауіп Ауғанстан тарапынан туындап отырғанын жеткізген министр, бұл елде көкнәр егісінің бір гектарынан өндірілген опиум бірнеше жыл бұрын 8 мың АҚШ долларын құрағанын айтып өтті. «Сонымен бірге, осындай аумақта өсірілетін астықтың бағасы 580 АҚШ долларын құрайды», дейді министр. Б. Мұхамеджановтың сөзіне қарағанда, БҰҰ мәліметтері бойынша өткен жылы Ауғанстанда 1 мың тоннаға жуық героин өндірілген. Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасында 1 килә героинді көтерме сату бағасы 1-1,5 мың АҚШ долларын, Қазақстанға кіреберісте 4 мыңға жуық, елімізден Ресейге шыққанда 20 мың доллар, ал Еуропада героинді көтерме сату бағасы 30 мың АҚШ долларынан асады.