Өткен жылы еңбек заңын бұзғандарға 440 млн. теңгені құрайтын 12 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Өткен жылы еңбек заңын бұзғандарға қатысты жалпы сомасы 440 млн. теңгені құрайтын 12 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, өткен жылы халықты жұмыспен қамту саласындағы заң бұзушылықтардың 758 фактісі немесе 87 пайызы жұмыс берушілердің еңбекпен қамту өкілетті органдарына бос жұмыс орнының бар екендігі туралы мәліметтерінде орын алған. Сонымен қатар  тексеру барысында арнайы рұқсат қағазы жоқ шетелдік азаматтарды жұмысқа тартудың 75 заң бұзушылығы және 87 заңсыз шетелдік жұмысшы анықталған.

«Аталған заң бұзушылықтар бойынша мемлекеттік еңбек инспекторының оны жою туралы ұйғарымы берілді. Жалпы сомасы 440 млн. теңгені құрайтын 12 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды. 2011 жылдың соңында оның 392 млн. теңгесі бюджетке өндірілді», - деді вице-министр.

Б.Нұрымбетовтің атап өтуінше, аталған заң бұзушылықтарға кінәлі тұлғаларға қатысты 2770 іс құқық қорғау органдарына жіберіліп, оның ішінде 63 факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.