10:57, 31 Наурыз 2009
Өткен жылы есірткі пайдалану салдарынан елімізде 1,5 мың адам өмірмен қоштасты
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінде ресми статистика бойынша елімізде 55 мыңға жуық нашақор бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, оның ішінде 5 мыңы әйелдер, 4 мыңға жуығы кәмелетке толмағандар. Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін. «30 мыңнан астам есірткіге тәуелді азаматтардың, немесе аталған көрсеткіштің 60 пайызына жуығы 14-30 жас аралығындағы еңбекке жарамды жандар», деді Б. Мұхамеджанов.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы есірткі пайдалану салдарынан елімізде 1,5 мың адам қаза болды. «Есірткіге тәуелді азаматтардың жыл сайынғы саны азаймай отыр және бұл ауру адамдардың жаңа толқынымен толығып отырғанын көрсетуде», деді министр.
Экономикалық қиындықтар, жұмыссыздық салдары нашақорлыққа әсер етуі мүмкін екенін жеткізген Б. Мұхамеджанов, «Адамдар табыс жолын іздестіру мақсатында есірткі бизнесіне соқтығуы мүмкін. Атап айтқанда, қылмыстық топтар жанданып Тәжікстан, Қырғызстан, сондай-ақ Өзбекстаннан есіркі тасымалдаушылар көбеюі ықтимал», деді.