Өткен жылы Қаржылық мониторинг агенттігі 267 заңсыз ойын мекемесінің қызметін тоқтатты

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі 267 заңсыз ойын мекемесінің қызметін тоқтатты, олардың ішінде жасырын казинолар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңсыз айналымнан 5 мыңға жуық ойын автоматтары, терминалдар, покер үстелдері мен компьютерлер тәркіленді.

Заңсыз ойын бизнесіндегі жаңа трендтерге қарсы тұру бойынша шараларды тұрақты талдау және шараларды жаңарту нәтижесінде ҚМА Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қатысуымен 4 мыңға жуық онлайн ойын сайттары бұғатталды.

Агенттік әрқашанда заңсыз ойын орындары мен заңсыз ойын сайттарын анықтап жоюда.

«Егерде Сіздің үйіңізде, ауданыңызда заңсыз ойын мекемелері болуы мүмкін деген ақпаратыңыз болса, кейіннен тексеру және бұзушыларға жауапкершілік шараларын қолдану үшін 8 (7172) 70-84-78 сенім телефоны арқылы ҚМА-не хабарласуыңызға болады»,-делінген ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.