Өткен жылы Қазақстан соттарында 1 миллионнан астам іс қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы Қазақстан соттарында 1 миллионнан астам іс қаралды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-інде өткен брифингте ҚР Жоғарғы Соты Қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин мәлім етті.

«Бүгінде соттар ел дамуына зор үлес қосуда. Соттың рөлі құқықтық үстемдікті сақтаудан көрінуде. Бір қарағанда, қарапайым саналатын осы принцип мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуымен тығыз байланысты», - деді ол.

Комитет төрағасының атап өтуінше, нақты әрі орындалатын заңы жоқ елге инвесторлар келіп, қаржы салмайтындығы белгілі. Бұған қоса, өз мүддесі мен құқығын қорғауға сенімді болмаса, бизнес те дамымайды. Адамдардың жұмыс істеп, қозғалмайтын мүлік сатып алып, қаржы жинақтауда ең басты сенері заң мен сот болып табылады.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Қазақстанда заң шығарушы, атқарушы және сот билігі деп аталатын биліктің үш тармағынан тұратын саяси жүйе қалыптасқанын атап өткен жөн. Бұл принцип еліміздің Конституциясы мен егемендік туралы негізгі барлық құжаттарында айқын көрсетілген», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, бұл заманауи демократиялық мемлекетке тән жалпыәлемдік тәжірибе. Биліктің аталған үш тармағы конституциялық тұрғыда тиісті құзыреттерге ие және іс жүзінде бір-біріне тәуелсіз.

«Өткен жылы соттарда 1 млн. екі мыңнан астам істің қаралуы еліміздегі сот жүйесі қызметінің тиімділігін көрсетеді. Бұл ел азаматтарының өз құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғауға басымдық беретіндігін білдіретін ең басты көрсеткіш болып табылады», - деді А.Рахметулин.