Өткен жылы Қазақстанда тұтынушылар шығыны 1 млрд теңгеден асқан

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, өткен жылды қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында Светлана Романовская былтыр Тұтынушылардың ұлттық лигасына 6150 азамат кеңес алуға жүгініп, өтініш берген азаматтардың жалпы шығын сомасы 1 187 360 400 теңгені құрағанын мәлімдеді. Оның арасында медиация тәртібімен 99% іс шешілсе, сот тәртібінде 9 іс қаралған.

«Шағым түсіріп, сапасыз тауарлар мен қызмет көрсеткені үшін наразылық білдіретіндер саны күннен күнге артып келеді, себебі қазір өз құқығын қорғағысы келетіндер аз емес. Былтыр біздің ұйымға өтініш берген азаматтардың шағымын қарап, 1 миллиард теңгеден астам шығындарын қайтарып беруге көмектестік. Тұтынушылардың 40% техникаға шағым білдіреді, одан бөлек азық-түлік өнімдеріне, медициналық және коммуналдық қызметтерге көңілі толмайтындар саны да жетерлік», - деді «Тұтынушылардың Ұлттық лигасы» АҚБ президенті Светлана Романовская.

Оның айтуынша, ұйым тұтынушыларға құқықтық және консультациялық көмек көрсетеді, сот, сотқа дейінгі және медитативтік тәртіппен қорғайды, сондай-ақ «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 41-бабына сәйкес қызметтің барлық спектрін жүзеге асырады. Кеңес беру ҰТЛ кеңсесінде, potrebitel.kz сайтында және лиганың барлық әлеуметтік желілері арқылы жүргізіледі.

Еламан Тұрысбеков