Өткен жылы Кедендік бақылау комитеті «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясынан 21 млрд. теңге өндіріп алды

None
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жүргізілген тексерістердің нәтижесі бойынша 2011 жылы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясынан 21 млрд. теңге өндіріп алынды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспеков мәлім етті.

Ө.Бейіспековтың атап өтуінше, аталған қаражат мұнай-газ компаниясына соңғы бес жылда жүргізілген тексерістердің нәтижесі бойынша өндіріп алынды. Анықталған бұзушылықтардың басым дені преференцияларға қатысты құжаттардың дұрыс көрсетілмеуінде болған.

Жалпы, 2010 жылы Кедендік бақылау комитеті қайта есептеулердің нәтижесінде ел бюджетіне 40,2 млрд. теңге түсім түсірді. Тексерулердің қорытындысы бойынша сондай-ақ, 732 - қылмыстық, 10 445 - әкімшілік істер қозғалды. 11,8 млрд. теңгеге келтірілген залалдың орны толтырылды. Есірткі құралдары контрабандасының 132 фактісі анықталып, 600 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.

«Қабылданған ұйымдастырушылық, кадрлық, профилактикалық және басқа да шаралардың нәтижесінде кеден органдары қызметкерлерінің арасында заң бұзушылық және қылмыс айтарлықтай төмендеді. 2010 жылы сыбайлас жемқорлықтың 72 фактісі анықталды (2009 жылы - 171). Оның ішінде 54 факт, яғни 76 пайызы өз күшімізбен анықталды», - деді ол.