Өткен жылы пайдалануға берілген баспана саны 8,8 пайызға азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір жыл ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,4 пайызға ұлғайды. Көрсеткіштің оң өсуі 18 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғарғы өсуі Ақмола, Алматы, Атырау облыстарында және Шымкент қаласында байқалды. 2022 жылы 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға кем», - деді министр.

Оның атап өтуінше, бұл көрсеткіштің төмендеуі Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Ұлытау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында пайдалануға берілген тұрғын үй санының азаюы есебінен болып тұр.

«Басқа 14 өңірде оң өсу тіркелді. Ең жоғарғы көрсеткіштер Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында байқалды», - деді ол.

Министрдің дерегінше, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 9,1 пайызға ұлғайды.

«Саладағы өндірістің оң өсуі 15 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті», - деді Әлібек Қуантыров.