Өткен жылы республикада 80 миллиард кВт/сағат энергия қуаты өндірілді - брифинг

АСТАНА. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2008 Жылы еліміздің электр энергиясын өндіруші кәсіпорындар 80 миллиард кВт/сағатқа жуық энергия қуатын өндірді.

 Бұл көрсеткішті 2015 жылға қарай тағы 25 миллиард кВт/сағатқа арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Электр энергетикасы мен көмір өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Несіпкүл Бертісбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Н.Бертісбаевтың атап көрсеткеніндей, Қазақстан Үкіметі аймақтар мен жалпы республикадағы энергия тапшылығын жою мақсатында индустриялық-инновациялық бағдарламаны әзірлеп, осы саладағы жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар іс-шараларды қолға алды. Оның айтуынша, бүгінде энергиямен қамтамасыз ету тұрғысында Оңтүстік Қазақстан облысының жағдайы нашар. «Мәселен, үстіміздегі жылы аймақтың энергияға қажеттілігі 16 миллиард кВт/сағатты құрап отырса, жергілікті өндіруші көздер оның 8,5-ін ғана қамтамасыз ете алады», - дейді ол.

Аталмыш проблемаларды шешу мақсатында салынып жатқан қуаты 500 кВт/сағат болатын «Солтүстік-Оңтүстік» аймақаралық энергия жеткізу желісінің бүгінде екі бөлігі, ал жыл соңына қарай желі толығымен іске қосылатын болады. Сондай-ақ 2014 жылға қарай жалпы қуаты 1320 МВт болатын «Балқаш» ЖЭС-ін, 2011 жылға қарайы 300 МВт қуаттық «Мойнақ» СЭС-ін, 2012 және 2014 жылдары Екібастұз СЭС-1-ді қосу жоспарланып отыр.

Департамент директорының сөзіне қарағанда, барлық жобалардың құрылысы өте қатаң бақылауда және жоспарға сай жүріп жатыр.