Өткен жылы республикамызда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,1 пайызға артқан
14:28, 26 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат/Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен 2008 жылы республикамыздағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10188,4 млрд. теңгені құраған. Бұл осының алдындағы 2007 жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артық көрсеткіш.
Бұл туралы ҚазАқпарат Статистика агенттігінің мәліметттеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік мәліметтеріне қарағанда, өткен жылғы қаңтар-желтоқсан айларында тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Ал электр қуатын, газ бен суды өндіру мен бөлу алдыңғы кезеңмен салыстырып қарағанда 6,4 пайызға өскен. Өңдеуші саладағы көрсеткіш 2,6 пайызға төмендеген.
Сонымен бірге, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі осы күнгі бағалау бойынша 1 316,4 млрд. теңгені құрап, 5,6 пайызға төмендеген болып отыр. Ал 2008 жылғы желтоқсан айындағы көрсеткіш бойынша еліміздегі жеке сауда айналымы (қоғамдық тамақтандырудың сауда айналымын есептемегенде) 2508,5 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,6 пайызға артқан.