Өткен жылы жылжымайтын мүлікті тіркеу барысында бюджетке түскен түсім 1 млрд. 144 млн. теңгені құрады - алқа мәжілісі
19:26, 17 Қаңтар 2011
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өткен жылы жылжымайтын мүлікті тіркеу барысында бюджетке түскен түсім 1 млрд. 144 млн. теңгені құрады.
Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның вице-министрі Әмірхан Аманбаев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, 2010 жылы әділет органдары жылжымайтын мүлікке 1 млн. 200 мыңнан астам құқық тіркеген. Бұл орайда 2010 жылғы жедел тіркеу барысындағы түсім көрсеткіші 220 млн. теңгені құрап отыр. Ал 2009 жылы аталған қызметтен түскен сома 130 млн. теңгені құраған болатын.
«Толықтай алғанда трікеуден бюджетке түскен түсім 1 млрд. 144 млн. теңгені құрайды», - деді ол.
Сонымен қатар Ә.Аманбаевтың атап өтуінше, өткен жылы 19 мыңға жуық заңды тұлға тіркелсе, оның 13 мыңын шағын кәсіпкерлік субъектілер құрады. «Тіркеу қызметінің нәтижесінде республикалық бюджетке 157 млн. теңге түсті», - деді вице-министр.