«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновті қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Н.Алдабергенов Президентті электр стансылары мен өңірлік электр желілік компанияларға олардың өндірісті жаңғырту туралы инвестициялық міндеттемелерін орындаулары бойынша жүргізілген тексерістің қорытындылары туралы хабардар етті. Әңгімелесу барысында сондай-ақ, энергиямен қамту мәселесі талқыланды. Сондай-ақ сол күні Елбасы «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиевті де қабылдады. А.Жанқұлиев ведомствоның одан әрі қалыптасуына бағытталған ұйымдастыру мәселелерінің шешімі туралы баяндады. Кездесу барысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеудің аясында сыртқы барлау ардагерлеріне құрмет көрсетуді ұйымдастыру іс-шаралары туралы әңгіме болды.
Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Паата Каландадзені оның өтініші бойынша қабылдады. Бұл турасында «Егемен Қазақстан» газеті аталған палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлап отыр. «Кездесу барысында Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. П.Каландадзе Қазақстан-Грузия қатынастары, «тұтастай алғанда үйлесімді және қарқынды» екенін айта келіп, парламентаралық үнқатысуды белсенділендіру туралы ойларымен бөлісті. Қ.Тоқаев өзара екіжақты іс-қимылды нығайтуға Қазақстанның мүдделілігін атап өтіп, парламентаралық байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталды», деп жазады басылым.
«Өткенге - құрмет, болашаққа - сенім». «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақалаға кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі арқау болған. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында өтіп отырған алқалы жиынды ашқан Қ.Саудабаев өз сөзінде «Бүгінгі күндері адамзат тарихындағы ең қантөгісті соғыстың ұлы батырларының біздің арамыздағы саны азайып барады, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқорлық пен шынайы құрмет көрсету - біз үшін қасиетті парыз», деп атап өткен.
Ұлы Отан соғысы шынымен де көпэтносты Қазақстан халқының әрбір отбасында дерлік өзінің қайғылы ізін қалдырғаны белгілі. Майданға елімізден 1,2 миллион қазақстандық қолдарына қару алып соғысқа аттанса, соның тең жарымы ұрыс далаларында қаза тапты. Бүгінгі таңда елімізде 14 400 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 258 мың тыл еңбеккері бар екен. Егер өткенімізді ризашылықпен есте сақтамасақ, онда жарқын болашақтың болуы да мүмкін емес.
***
«Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ауылды жерлерге жедел медициналық көмек көрсету мақсатында тікұшақтар сатып алуды жоспарлап отыр», деп жазады «Литер» газеті. Бұл ақпаратты БАҚ өкілдеріне аталған министрліктің Медициналық және фармацевтикалық қызметтерді бақылау комитетінің сарапшысы Максим Касаткин жеткізген.
Жазылған жайттың толық нұсқасын басылымның сенбілік нөмірінен оқи аласыздар.
***
Қазақстан нарығында әйел кәсіпкерлер еркектерді ығыстырып отыр. Белсенді әйел қауымы республиканың шағын және орта бизнесінің жартысынан астамын жаулап алған. Бұл жайында «Экспресс-К» газеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен «Бизнестің жол картасы - 2020: гендерлік аспектілер» атты дөңгелек үстел барысында белгілі болған деректер негізінде жазып отыр. Мәселен, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Бексұлтан Тұтқышевтің айтуынша, шағын және орта бизнестегі әйелдер үлесі қазірдің өзінде 52 пайызға жетсе, жеке кәсіпкерліктегі олардың үлесі 66 пайызды құраған.
***
«Бүгін бүкіл ел Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін атап өтеді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымда «Бір ел - бір тағдыр» деген тақырыппен жарияланған мақалада бұл мереке көпұлтты республикада тұратын әрқайсымыз үшін ерекше қымбат екендігі баса айтылған.
Сонымен қатар басылым мереке қарсаңында Ұлт бірлігі доктринасының жаңа жобасының тұсаукесері өткендігін де жазған.
«Казахстанская правда» газетінің сенбілік нөмірінен мерекеге орай бұдан да басқа қызықты мақалалар оқи аласыздар.