Өткір тыныс жолдары вирустық инфекциялардың таралуы биыл өткен жылдармен салыстырғанда төмен болады

АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда жыл сайын өткір тыныс жолдары вирустық инфекциялардың 1,5 миллионға жуық оқиғасы тіркеледі. Бұл бүгін Алматыда "Қазақстандағы тұмау және өткір тыныс жолдары вирустық инфекцияларға шалдығушылық бойынша болжам. Алдын алу шаралары" деп аталатын баспасөз мәслихатында айтылды.

"Тұмау мен өткір тыныс жолдары вирустық инфекциялардың шарықтау шыңы - күзгі-қысқы мерзімге келетін маусымдық аурулардың өсуіне әкеледі. Онымен ауыратын адамдардың қатарында 14 жасқа дейінгі балалар 69 - 72 пайыз аралығында болды. Биыл да бұған дейінгі маусымдармен салыстырғанда тұмау мен өткір тыныс жолдары вирустық инфекцияларда қандай да бір өзгешелік болмайды", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық сараптау және мониторингтеу ғылыми-тәжірибелік орталығының Эпидемиологиялық мониторинг және тәуекелді бағалау бөлімінің меңгерушісі Айнагүл Қуатбаева. Орталық мамандарының болжамына қарағанда, аурудың өсу кезеңі желтоқсанның ортасында басталып, оның шарықтау шыңы қаңтардың 3, 4 аптасына, яғни 15-20-сы күндері орын алмақ.

Ал ақпан-наурыз айында бұған дейінгі жылдардағыдай Б вирусының белсенділігі жоғары болады. Наурыздың ортасында аурудың таралуы біршама жоғарылауы, немесе екінші толқын болуы мүмкін. Дегенмен, аурудың екінші толқыны біріншімен салыстырғанда 10 есеге дейін төмен болады.