Отставканың себебі — психологиялық шаршау: Саясаттанушы Үкіметтің тарауы туралы
АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев Үкіметтің бүгін отставкаға кетуін тосын жағдай деп бағалады. Ықтимал себептерінің бірі ретінде сарапшы психологиялық шаршауды атады.
«Үкіметтің бүгін отставкаға кетуі күтпеген жағдай болды. Сәрсенбіге белгіленген Үкіметтің кеңейтілген отырысында қандай да бір талдау болады деген нұсқалар талқыланды. Бірақ Президент бүгін шешім қабылдады. Ең алдымен, отставкаға кетудің себебі психологиялық шаршау деп ойлаймын. Әлихан Смайылов Үкіметінің үлесіне айтарлықтай үлкен жұмыс жүктемесі түсті: сыртқы дағдарыс, экономиканы монополиядан арылту қажеттігі», — деп түсіндірді Данияр Әшімбаев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Саясаттанушының айтуынша, жалпы Үкіметтің жұмысын үштікке бағалауға болады.
«Одан да жақсы жұмыс істеуге болар еді. Жетістіктер болды, бірақ көптеген кемшіліктер де орын алды. Президент ұзақ уақыт бойы қалыпты экономикалық стратегияны талап етіп, бірнеше рет сөгіс айтқаны түсінікті. Президент Үкіметке бүкіл қажетті карт-бланшты ұсынды. Бірақ, жұма күні Президент Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунованы қабылдағанын ескеру қажет. Кездесу туралы ақпарат қысқа болды. Бірақ сонда Президент қазіргі Үкіметті бағалау туралы толық мәлімет алды», — деп атап өтті саясаттанушы.
Данияр Әшімбаев қазақстандықтарға Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунованың өткен жылғы бюджетті атқару жөніндегі есебін еске салды.
«Біз 2021 жылы қабылданған ұлттық жоспарлау жүйесінің бәрі жойылғанын көріп отырмыз. Жаңасын жасау туралы айтылды, бірақ сол күйі пайда болмады. Экономикадағы жағдай Президентті команданы ауыстыру жөнінде шешім қабылдауға итермеледі. Яғни, Үкімет дағдарысқа қарсы менеджер ретінде айтарлықтай қарқынды жұмыс істегені түсінікті, бірақ біз қалағандай жақсы емес. Даму мәселелері артта қалды. Жоспарлар мезгіл-мезгіл түзетіліп, өзгертіліп, жойылып, қайта түзетілді. Бірақ, менің ойымша, Үкіметтің өзгеруімен бірге атқарушы билік қайта құрылады», — деп түйіндеді сарапшы.