«ҚазАқпарат» тілшісі тұрғындардың өтініші бойынша мән-жайды анықтауға тырысты.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Тілендиев даңғылы,36 мекен-жайында орналасқан «Ұлытау» тұрғын үй кешені орталықтандырылған жылу желісінен емес, өзінің жеке қазандығынан жылынады екен. Автономды жылу беру жүйесі 2016 жылдың 13 қазанында іске қосылыпты. «Тұрмыс» ЖШС 2015 жылдың қыркүйегінен бері осы үйге коммуналдық қызмет көрсететіні анықталды.
Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, дизель отынын сатып алуға ақша болмағандықтан, жылу сөндірілген. 2016 жылдың 13 қазаны мен 9 желтоқсаны аралығында «Тұрмыс» ЖШС 21 463 785 теңгеге 156,4 мың литр дизель отынын сатып алған. Бірақ, тұрғындар тарапынан жылу үшін тек 7 956 063 теңге төленген екен. Үйдегі 656 пәтердің 91 пайызы, яғни, 600 пәтер жылуға қарыз екені анықталған.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Тұрғындар тек осы ай үшін қарыз. Яғни, жылудың осы айдағы құнын біз келесі айдың 25-іне дейін төлеуге тиіспіз. Тұрғындардың тең жартысы - мемлекеттік қызметкер. Қараша айындағы 12 млн теңге қарызды біз 25 желоқсанға дейін төлеп қойғанмыз, қазан айының 7 млн теңгесін қараша айында төлегенміз. Енді желтоқсан айында берілген жылудың ақшасын 25 қаңтарға дейін төлеуіміз керек. «Тұрмыс» ЖШС-ның абонеттермен жұмыс бөлімі де нашар жұмыс істейді, яғни, бүкіл төлемдерді бір жерге жинамаған. Олармен бірге отырып, бүкіл есепті салыстырып шығуға тура келеді. Бүгін мысалы, түн ортасында тағы да жылу болған жоқ»,-дейді осы үйде тұратын Саят Сұлтан.
Ал, әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, үйдің коммуналдық қызметтеріне жауапты компания өкілдері учаскелік полициямен бірге пәтер-пәтерді аралап, жылуға қатысты жағдайды түсіндіріп жүр. Белгілі болғандай, «Тұрмыс» ЖШС тұрғындардан қарызды өндіріп алу үшін сотқа 23 арыз түсірген екен.
Автономды үй болғандықтан, жылу бағасына дизель отынының нарықтағы құны да әсер ететіні анық. Бұрын дизель отынының 1 литрі 99 теңге болса, қазір 1 литрдің бағасы - 140 теңге.
«Бұл жағдай қала әкімі Әсет Исекешевке жазбаша түрде жолданды. Әкім жиналыс өткізіп, орынбасарына тиісті тапсырма берді. Үйге жылу берудің баламалы жолдарын қарастырады»,-деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.