Отынның құны өндірілетін энергияның бағасына елеулі түрде әсер етіп отыр

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат -  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов  отынның құны өндірілетін энергияның бағасына елеулі түрде әсер етіп отырғанын мәлім етті.

«Екібастұз ГРЭС-1 ірі стансасын мысалға алсақ,  статистика деректері бойынша 2009 жылы шекті тариф бір кВт/сағат үшін 3,6 теңгені құраса, 2012 жылы - 6,5 теңге болды, яғни оның 2,9 теңгеге немесе 80 пайызға ұлғайғаны көрініп тұр.  Осындай ұқсастық  жылу энергиясында да байқалады. Сонымен қатар, өндірілген электр энергиясына жұмсалған отынның үлестік шығыны мен негізгі өндірушілер өндірген көмірдің бағасы да өсуде. Егер негізгі өндірушілердің төрт субъектісі бойынша көмір бағасы 2009 жылы орта есеппен бір тоннасы 941 теңгені құраса, 2011 жылы ол екі есеге өскен», - дейді Сейітсұлтан Әйімбетов.

Оның айтуынша, электр және жылу энергиясын өндіру  қызметтеріне арналған тарифтерде отынның құрамдастары (көмір, мазут, газ) басымдықпен пайдаланылып отыр. Бұлар шамамен 70 пайызды құрайды. Депутат осыған орай отынның құны өндірілетін энергияның бағасына елеулі түрде әсер ететінін айтып, бұл ретте мемлекетпен көмірдің, мазуттың бағалары реттелмегенін алға тартты.  «Осындай жағдай авиакеросинге де  қатысты болып тұр, мұның өзі республиканың ішкі нарығындағы оның бағасының күрт шарықтап кетуіне әкеп соқты. Бұл, өз кезегінде, авиабилеттер бағасының қымбаттауына әкелуде, өйткені авиакеросиннің авиатасымалдау тарифіндегі ықпалы 30 пайыз мөлшерін құрайды. Сондықтан, Үкімет пен тиісті  уәкілетті органдар электрмен, жылумен жабдықтау және жолаушылар тасымалы жөніндегі әлеуметтік маңызы бар қызметтерге тарифтердің өсуін тежеу үшін осы мәселені жан-жақты қараулары тиіс.  Біздің ойымызша, тұтынушылар мен отын өндіруші, өткізуші ұйымдар мүдделерінің теңдестігін қамтамасыз ету қажет», - дейді С. Әйімбетов.