«Отырар әдебиеті мен өнері» қоғамдық бірлестігінің кезекті отырысы өтті

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында «Отырар әдебиеті мен өнері» қоғамдық бірлестігінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Егемендігімізді ұлықтау, жергілікті ақындардың есімін қалың оқырмандарына таныту, шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен кездесуде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» тақырыбында кітап көрмесі қойылып, жаңа көркем-әдебиеттермен ұсынды.

Қара сөздің құдіретімен қара қылды қақ жарып, еліміздің рухани дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген отырарлық ақындардың кезекті басқосуына аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов қатысып, көпшілікті қастерлі мерекеміз Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары аудан әкімі Ерлан Айтаханов жергілікті ақындардың шығармашылық шабытын шыңдау мақсатында әркез қолдау көрсетіп келе жатқандығын, бірлестіктің өткен жиынында отырарлық ақындардың шығармашылығын бір арнаға тоғыстырып, кітап болып жарық көрсе деген ұсынысын атап өтті. Жиын барысында Қазығұрт ауданында өткен «Қазығұрт - береке-бірлік бастауы» облыстық суретшілер байқауын жүлделі ІІ орын алған Әділхан Мәлік, «Созақтың жыр сүлейі» Құлыншақ Кемелұлының 175 жылдығына арналған аймақтық жыр-мүшайрасынан ІІ орын алған Гаухар Жүсіпәлиеваларға құрмет көрсетілсе, ақын Темірхан Тасжанға республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Елеулі еңбегі үшін» медалі табысталды. 

Бірлестік төрағасы Сағындық Қыдыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында отырарлық ақындардың шығармалары жинақталып, «Тәуелсіздік толғау» атты кітап жарық көріп, 13 желтоқсан күні оқырмандарына жол тартатындығын, 14 желтоқсан күні аудандық «Отырар - құтты мекенім» атты ақындардың жыр-мүшайрасы өткізілетіндігін жеткізіп, жиынды қорытындылады.