Отырар қорық-мұражайы тозып барады - Қ. Айтаханұлы

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Отырар қорық-мұражайының құрал-жабдықтары 30 жылдан астам уақыттан бері ескіріп, тозып, бүгінгі күнге дейін еш жаңғыртылмаған.

Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Қуаныш Айтаханұлы осы мәселені көтерді.

«Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан  «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Отырар өркениеті терең зерттеліп, ел тарихының І-ші ғасырынан бергі өмірінен сыр шертетін мыңдаған баға жетпес тарихи жәдігерлер табылды. Бұл  мәдени-археологиялық ескерткіштер қалпына келтіріліп, келешек ұрпақтың рухани игілігіне айналуда. Осы жұмыстарды орындауға елеулі үлес қосып отырған мәдени-тарихи объектілердің бірі Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы. Жыл сайын қорық-мұражайға еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден жүз мыңдаған туристер келіп тарихи мұраларымен, жәдігерлерімен танысады.  Алайда, қорық-мұражайының құрал-жабдықтары 30 жылдан астам уақыттан бері ескіріп, тозып, бүгінгі күнге дейін жаңғыртылмаған», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, қазіргі кезде, мұражай ғимаратының экспозиция залдарын заманауи жабдықтау қажеттілігі туындайды. Мұражай ғимаратын сұйық отынмен жылытатын жеке қазандық орнату және ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген Әдебиет және өнер бөлімінің ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізу қажет. «Осыған орай, 2013 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының толыққанды жұмыс істеуіне қажетті 126 449 мың теңге қаржыны бөлінсе игі», - дейді сенатор Қ. Айтаханұлы.