Отырар тұрғыны ауылына көпір салып берді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Отырар ауданының тұрғыны Нұрсейіт Құдіретілләұлы ауылына көпір салып беріп, жерлестерінің батасын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Отырар ауданы әкімдігі

Отырар ауданына қарасты Ескі Шілік елді мекенінде жаңа көпір ел игілігіне пайдалануға берілді. Беларық каналының бойына салынған көпірдің ұзындығы – 7, ені 6 метрді құрайды. Жаңа нысан бүгінде екі ауылды байланыстырып отыр.

Нұрсейіт есімді ауыл тұрғыны қажетті материалдарды өз қаражатына сатып алып, құрылыс жұмыстарының басы-қасында болған. Көпірдің жан-жағын темірмен қоршап, қауіпсіздігін күшейтуге де мән берген. Жолын тегістеп, асфальт төсеген.

Шілік ауылдық округінің әкімі Айдархан Рүстемов көптен бері айтылып жүрген мәселеге бей-жай қарамай, көпір салуды қолға алған отбасына ел атынан алғыс айтты.

Қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев, ауыл имамы Әзімхан Жасеков сауабы мол қайырлы істі қолға алған азаматтың өнегелі ісіне ризашылығын білдірді. Ал ауыл ақсақалы Хабибулла Тұрысов елдің тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.