Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында жарық көрген туында туған жердің қасиетті жерлері мен жәдігерлерін насихаттау мақсатында шығып отыр. Альбом-кітап Отырар өркениеті қалыптастырған заттық-тұрмыстық жəне рухани мəдениеттен сыр шертеді. Онда Əбу Нəсір əл-Фараби жəне оның арғы-бергі ізбасарларының қолжазбалары мен тасбаспа мұралары, олардың өзі жəне отбасы тұтынған мүліктер мен басқа да археологиялық-этнографиялық қолөнер бұйымдары жайлы жазылған.
Сондай-ақ, шаруашылық құрал-саймандары, Отырардың құпия көмбелері, 1930 жылға дейін Арыстанбаб кесене-мешіті жанында рухани ағарту ошағы болған шағын мұсылман кітапханасы туралы да сөз болады. Кітаптағы иллюстрациялық материалдар негізінен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен «Руханият - Əбу Нəсір əл-Фараби музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кəсіпорынның қорында, сондай-ақ, жеке кісілердің қолында сақталған қолөнер бұйымдарының түпнұсқасынан, фотосуреттерден түсіріліп пайдаланылған. Тың туынды ежелгі заттық жəне рухани мұраны қастерлейтін көпшілікке арналып отыр.