Отырарда әлеуметтік көмек акциясы ұйымдастырылды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету акциясы өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

 Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан- 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін елімізде ешбір кедергінің болмауы керектігін айтып өткен болатын. «Біз біргеміз» атты акциясының аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсетудің мақсаты - бүлдіршіндерді қоғамға етене араластыру, шығармашалық әлеуетін дамыту және өзін-өзі еркін сезініп, өмірге деген талпынысын арттыру.

Акцияның ашып беру салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Ерлан Айтаханов шараға қатысушыларды ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керек. Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуі тиіс. Бұл - өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз» деген болатын Елбасымыз. Соның бір көрінісі - бүгінгі өткізіліп отырған акция. Осындай мейірімге толы шараға өз үлестерін қосып, атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін», деді аудан басшысы.

Ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында аудан әкімі мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әзірленген қыстық киімдер мен қорапшадағы тәттілерді табыстады. Жиын соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, ән мен күйден шашу шашты.