Отырарда «Біздің бағдар - нұрлы болашақ» атты іс-шара өтті
Жиынның мақсаты - жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, 25 жылдық мерекені лайықты өткізу. Жастар ресурстық орталығының маманы Р.Биболатов баяндама жасап, дінтанушы маман Е.Сейітжанов жастар тәрбиесінде діннің алатын орнына тоқталды.
Осыдан кейін белсенді жастар кезек-кезегімен мінбеге шығып, өз ойларын ортаға салды. Жастар пікірін мұқият тыңдаған аудан әкімі Ерлан Айтаханов жастарға бірнеше сұрақ қойып, өзі де олардың сауалдарына жауап берді.
«Бүгінгі көтеріп отырған мәселелеріңіз маңызды әрі орынды. Жастар тәрбиесінде отбасының және мектептің рөлі ерекше екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ғаламторды орынды пайдалана білсек, біздің ұтарымыз көп болмақ. Қазақтың қаны таза, текті халық екені ғылыми дәлелденген. Демек, осыған біздер барлық жағынан лайықты болуымыз керек», - деп аудан әкімі өз сөзін қорытындылады.
Кездесу барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Асан жастарға ақ батасын берді. Сондай-ақ, аудан басшысы белсенді жастарға кітап сыйлап, естелікке суретке түсті.