Отырарда кәсіпкерлер кеңесті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Кәсіпкерлік мектебі ғимаратында аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен «Шағын және орта бизнесті дамыту ауданның эканомикасы мен әлеуметтік әлеутін нығайтудың негізі» тақырыбында кездесу болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.


Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасымен таныстыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында өткен жиынға Отырар ауданы әкімінің орынбасары Әбдіғали Жүнісов қатысып, кәсіпкерлерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, тақырыпқа сай өз пікірімен бөлісті.

Кездесу барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы У.Шойбеков кәсіпкерлікті қолдауда мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер туралы баяндаса, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Отырар аудандық филиалының директоры А.Төлімбетов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Отырар аудандық филиалының менеджері Қ.Жақашов кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтер мен шарттары, талаптарын айтып, кәсіпкерлік ашуға мүмкіндік мол екендігін жеткізді.

Жиын соңын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Әбдіғали Айтжанұлы мемлекеттік бағдарламалар аясында Отырар ауданында көптеген игілікті істердің атқарылғандығына тоқталып, кәсіпкерлерді бағдарлама аясында жасалынып жатқан жеңілдіктерді пайдалануға шақырды.