Отырарда «Тәуелсіздік жетістіктері» көрмесі өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Руханият - Әбу Нәсір әл-Фараби» мұражайында «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында көрме болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мемлекетіміз бен аудан тарихын қамтыған көрме өткеніміз бен бүгінгі жетістіктерімізді салыстыра отырып, Тәуелсіздік жетістіктерін көз алдыңа келтіреді. Көрменің ашылуымен аудан әкімі Ерлан Айтаханов келушілерді арнайы құттықтады. «Ширек ғасырда мемлекетіміз толағай табыстарға жеткеніне бәріміз де куәміз. Осы жылдар ішінде еліміз үлкен өзгерістерді бастан кешіп, жарқын жетістіктерге қол жеткізді. Соның ішінде Отырар ауданының да күн сайын көркейіп келе жатқанын көз көріп отыр. Баршаңызды ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесімен тағы да құттықтағым келеді. Көрмені ашық деп жариялаймын және бірге тамашалауға шақырамын», - деді аудан басшысы.

Көрмені тамашалауға келгендер көргендерінен керемет әсер алды. Мәдени іс-шараға келген оқушылар, ұстаздар, ардагерлер аудан әкімімен естелік суретке түсті. Айта кету керек, дәл осындай ел Тәуелсіздігі мерекесін ұлықтайтын ауқымды игі шараларға аудан жұрты бір кісідей атсалысуда.