Отырарда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай мерекелік іс-шара өткізілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Отырар ауданы Шәуілдір ауылында 16 желтоқсан - ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік тұғырым» тақырыбында мерекелік концерт болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ширек ғасырлық Тәуелсіздігімізді ұлықтаған шараға аудан әкімінің орынбасары Әбдіғали Жүнісов қатысты. Ауыл тұрғындарын құттықтау сөзінде «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ еліміз егемендіктің ең негізгі алғы шарттарын жасай алды. Бәрінен бұрын көп ұлтты, көп дінді елде халықтың ауыз бірлігін сақтауға қол жеткізілді. Қазақстанды мекен еткен барлық ұлттардың мүддесін ортақтастыра алғаны - Елбасымыздың даналық саясатының айқын айғағы еді»,- деген аудан әкімінің орынбасары Тәуелсіздігіміздің баянды болуын тіледі. Сондай-ақ, ауыл әкімі Ғалым Қыдыр еліміздің ширек ғасырда жеткен жетістіктеріне және ауданымызда жасалып жатқан көңіл қуантарлық игі істерге тоқталып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген азаматтарға мерекелік Алғыс хат тапсырып, құттықтауын жеткізді. Шара барысында Шәуілдір ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Темірбеков Тәуелсіздігіміздің тұғырлы да, ғұмырлы болуы өскелең ұрпаққа аманат екендігін айтып, ауыл ақсақалдары атынан мерекемен құттықтады. 

Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.