Мерейлі мереке қарсаңында екі бірдей әлеуметтік нысанның лентасы қиылып, халықтың қуанышы еселене түсті.
Отырар ауданында биыл 2 канал күрделі, ал, 12-сі ағымдағы жөндеуден өтті. Бұл істі икемдеу үшін жергілікті қазынадан 1,4 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Бір ғана «КМ-1» каналының 7,6 шақырымы механикалық тазартудан өткізілсе, «КМ-2» каналының 11,5 шақырымы бетонмен қапталып, тоспалары жаңадан орнатылды. Игі істердің нәтижесінде алдағы уақытта үй-іргелік жермен қатар, 1200 гектар суармалы жердің сумен қамтылуы жақсарып, пайдалануға жаңадан 220 гектар жер қосылатын болады. «Шәміл-дүр» саябағы 80-ші жылдары шәуілдірлік жастардың бірден-бір тынығу аймағы болған. Кейіннен тозып, қараусыз қалған-ды.
Бүгінде қайта қалпына келіп, ажары кіруде. Ол үшін қазынадан «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қаржы қаралды. Ауыл ажарына сән қосқан нысан ел қуанышын еселеп отыр. Саябақтың қақ ортасына қос ғашық Шәміл мен Дүрияның мәңгілік махаббат белгісі ретінде ескерткіші орнатылған. Мұнда жастардың бір мезгіл кино көретін орны да қарастырылған.
Осылайша торқалы той қарсаңында отырарлықтар игі істің куәсі болды. Халық игілігіне жарар әлеуметтік нысандардың санын көбейтіп, ауыл-аймақтардың ажарын аша түсу күн тәртібінен түскен емес. Қасиетті мекен халқы әлі талай оңды істің куәсі болары хақ.