Отырардағы кітапхана-мұражайға мұражай мәртебесін беру керек - депутат М. Шалахметов

АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Отырар қаласындағы кітапхана-мұражайды нағыз мұражайға айналдырып, оған мұражай мәртебесін беру керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Үкімет басшысының атына сауал жолдаған Мырзатай Шалахметов осылай мәлім етті.

«Әлемде Александриядан кейінгі ең ірі кітапхана қазақ даласының Отырарында орын тепкені белгілі. Бүгінгі күні ескінің жұрнағындай Отырарда рухани кітапхана-мұражайы ашылып, көнені жаңғыртудың ырымы жасалып жатыр. Тарихшылардың сөзіне қарағанда, дүниеге оқымыстылығы, білім мен ғылымға құштарлығымен танылған отызға тарта «Фарабтан шыққан» ғұламалар бар екен. Кітапханада соның 11-інің қолжазбалары да, қазақ халқының басқа да ғұламаларының еңбектері де бар. Аудан басшылары тарапынан жақында осы кітапханаға келісті ғимарат салынды. Ендігі мақсат - кітапхана-мұражайды шын мұражайға айналдыру, яғни кітапханаға мұражай мәртебесін беру керек», - деді депутат.

Оның айтуынша, аталған мәселеге Мәдениет министрлігі де қолдау білдірген.