Отырардағы жиында өзекті тақырып қозғалып, жетістіктер де сараланды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында Тәуелсіздігіміздің торқалы тойына орай игі шаралар легі жалғасуда, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Темір ауылында «Діни экстремизм - ғасыр індеті» тақырыбында семинар өтсе, Отырар ауылында «Тәуелсіз жылдардың өткені мен бүгіні» атты пікір-сайыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ауыл округтері әкімдерінің 10 айлық есебі тыңдалды.

2016-2018 жылдарға арналған аудан бюджетіне өзгерістер енгізу туралы қаулы жобасы да қаралды. Діни шара  экстремизм көріністерінің алдын-алу және оны болдырмау, елімізде саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында өтті. Шара барысында дін өкілдері баяндама жасап, еліміздің ертеңі жастарға ислам діні бейбітшілікке үндейтін дін екенін айтып, жастарды дәстүрлі исламның құндылықтарын сақтауға шақырды.

Оқушылар арасында өткен пікір-сайыста екі топ саяси формат үлгісімен 4 кезеңде өз ойларын ортаға салды. Ширек ғасыр шеңберінде жеткен жетістіктер мен тәуелсіздік мәнін өскелең ұрпаққа тереңірек таныстыру мақсатында өткен шара жеңімпаздары арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Отырарда биылдыққа ауыл шаруашылығы саласы өркендеп, 2 мың гектарға жуық жерге егіс егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 109 пайызды құраған. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында «Отырар-Самғау» ӨК мен «Отырар нұры» МТС құрылып, өз жұмыстарын бастаған.

Сондай-ақ, мал басының өсімінде де ілгерілеушілік байқалады. Осылайша, отырарлықтар торқалы той қарсаңында белсенділік танытуда. Әлеуметтік-саяси іс-шаралар легі жалғасуда. Мұның бәрі аудан тұрғындарына бейбіт күнді сезіндіру мақсатын   да қолға алынған.

Өз кезегінде халық та тыныштық пен тоқтық заманға шүкір деседі.