Аудан әкімі Ерлан Айтаханов шараға қатысушыларды мемлекетіміздің ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтап, өткелі отырған іс-шараның маңызына тоқталды. «Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің маршрутына Жібек жолы бойында орналасқан біздің аудан да енгізілген. Киелі Арыстанбаб пен тарихи Отырартөбе тарихына қызығушылардың көп болатыны белгілі. Келетін туристерге мінсіз қызмет көрсету біздің міндетіміз.
Көрменің басты мақсаты баламалы энергия көздерін пайдалану. Біздің ауданымызда күн сәулесінен энергия алу жұмысы басталып та кетті. Мәселен, ауданымызға кірер бас қақпамыз күн энергиясымен жарықтанады. Сондай-ақ, Жібек жолы даңғылы бойындағы түнгі шамдар да күн сәулесінен қуат алатын болады. Келесі жылдан бастап, Көксарай ауылында күннен қуат алатын үлкен станция құрылысы басталады. Аталған станция бар қуатымен іске қосылғанда біздің ауданды ғана емес, көрші бірнеше ауданды энергиямен қамтамасыз етеді»,- деген аудан басшысы автокеруенге сәт сапар тіледі. Арнайы баннерлермен безендірілген автокеруен аудан орталығынан Арыстанбабты бетке алып, онан әрі сапарын тарихи Отырартөбеде жалғастырды.