Мерекелік шара аудандық Мәдениет сарайының фойесінде суретші Әділхан Мәліктің «Отырар - Ұлылар Отаны» тақырыбымен салынған триптих картинасының ашылуынан басталды. «Тәуелсіздік тұғырым» кітап көрмесі де ұсынылып, көрме аясында жергілікті ақындардың шығармалары жинақталған «Тәуелсіздік толғауы» кітабының таныстырылымы болды. Өнер адамдарының шығармашылығымен танысып болған соң, арнайы келген қонақтар музей ұжымының этнографиялық көрмесін тамашалады.
Негізгі жиын тарихымыздан сыр шертетін сахналық қойылыммен бастау алып, Абылай ханның арманын көрермендеріне көркем жеткізе білді. Салтанатты жиында ҚР Инвестиция және даму министрлігі, Көлік комитеті төрағасының орынбасары Мақажанов Нығметжан Қойшыбайұлы мен аудан әкімі Ерлан Айтаханов отырарлықтарды арнайы құттықтады.
Жиында аудан басшысы Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан А.Балажан, Қ.Бәйшенов, Қ.Бөрібек, Е.Бөрібаев, С.Жаңабай, А.Жақсыбаев, Қ.Жантөреева, Қ.Нұрқұлов, Ә.Төре, Н.Уайстарға ауданның Құрметті азаматы атағының куәлігі мен төсбелгісін салтанатты жағдайда тапсырды.
Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің нығаюына, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін бір топ сала саңлақтары мен ауыл ақсақалдарына аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиын соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
16:15, 14 Желтоқсан 2016
Отырарлық суретші Тәуелсіздік мерекесіне триптих картинасын ұсынды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесіне орай «Тәуелсіздік - бабалардың сан ғасырлық арманы» атты тақырыпта салтанатты жиын болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.