Тексеріс барысында Монтана штатындағы ӘӘК-нің Малмстром базасындағы 341-ші зымырандық қанаттағы емтихан кезінде бір офицер өзінің 16 әріптесіне тестің дұрыс жауабы жазылған смс-хабарламалар жіберіп отырғандығы анықталды. Ал қалған 17 әскери қызметкер бұл тәртіпсіздікті білсе де, тіс жармағандарын мойындап отыр.
CNN хабарлауынша, бұл тәртіпбұзушылық 2013 жылдың қыркүйегіндегі ай сайынғы біліктілік арттыру емтихандары кезінде болған.
Ведомстводағылар офицерлердің қылығын «нағыз бассыздық» және «ӘӘК негізгі құндылықтарына толықтай қарама-қайшы» әрекеттер деп бағалауда. Дегенмен, шенеуніктердің хабарлауынша, америкалық ядролық арсеналға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Монтанадағы ядролық қарудың дайындығына жалпы саны 190 шамасындағы адам жауап береді, деп хабарлайды CNN.
Тергеу амалдары базадағы екі офицер есірткі сақтауда деген күдікпен тінту жүргізілген соң басталған. Сондай-ақ, 2013 жылы қауіпсіздік техникасы ережелерінің де бұзылу оқиғалары тіркелген болатын. Ал 2013 жылдың қазанында ядролық зымырандарды жіберуге жауапты 4 офицер зымыран базасына кіретін есікті жаппастан ұйықтап қалғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.