Оянса - мәйітханада жатыр
12:36, 09 Қараша 2013
АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат - Польшаның 56 жастағы тұрғыны жедел жәрдем қызметкерлерін сотқа бергелі отыр. Дәрігерлер оны көшеде ұйықтап жатқан жерінен мәйітханаға апарып тастапты.
Metro басылымының хабарлауынша, Марек Михальский есімді поляк есін жиған кезде өзінің мәйіттерге арналған қапқа оралғанын сезген. Жанұшырып қапты жыртқан ол адамдарды көмекке шақырады. Өзінің айтуынша, ол мәйітханадан бұрын көшеде орындықта демалып отырған. «Бұл жағдайға біреулер жауап беруі тиіс. Мәйітханада дәрігерлердің қарнымды тіліп жатқаны түсіме кіретін болды», - дейді польшалық. Ал дәрігерлердің айтуынша, сол күні әлдекімдер көшеде бір адамның ес-түссіз жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына келген ақхалаттылар әлгі адамнан тіршілік белгісін таппай, оны қапқа салып, мәйітханаға жөнелтіпті, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.