Ойылдың арнасынан асқан су Миялы ауылы маңындағы көпірді бұзып кетті

Фото: Фото: Видеодан кадр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Ойыл өзенінің суы арнасынан әлі асып жатыр. Бүгін Миялы ауылының маңындағы көпірді тасқын су шайып кетті. KAZINFORM тілшісіне бұл деректі Қызылқоға ауданындағы сенімді дерек көзі растады. 

«Ойыл өзеніндегі су арнасынан асып жатыр. Тасқын су «Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер» бағытына қатынайтын жолдағы көпірді шайып кетті. Бұл көпір Миялы мен Жангелдин ауылдары аралығында салынған», - деп хабарлады сенімді дерек көзі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.

Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.

Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см құрады.

Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.

Ал, бүгін Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған едік.