- Елена, бізге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. Негізгі сұрақтан бастаймын. Билли Джин Кинг кубогі сіздің мансабыңыздағы бірінші кубок емес. Мысалы, Глазгодағы ойын туралы Қазақстан құрамасы күтпеген жерден Ұлыбританияны қапы қалдырғанын көпшілік жазып, айтып жүр. Бүгін басталатын кубокта өзіңіздің және команда алдына қандай міндет қойып отырсыз? Командадағы атмосфера қандай? Не күтесіз? Көңіл-күй қалай?
- Әрине, мақсатымыз – жеңіске жету. Менің ойымша, біз мықты командамыз. Бар күшімізді салып, тырысып бағамыз. Командада атмосфера жақсы. Біз жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жетеміз деп үміттенемін. Мұндай турнирлерде эмоция басым болады дер едім. Менің ойымша, бәрі алаңдап отыр, бір жағынан қыздар үшін бұл үлкен тәжірибе.
- Соңғы екі жыл ішінде өте сәтті әрі табысты ойын көрсетіп жүрсіз. Уимблдон мен АҚШ-тағы Индиан-Уэллс турниріндегі жеңіс,, Australian Open, Miami турнирлерінде финалға жеттіңіз, тағы сол сияқты. Осындай деңгейге жету сізге моральдық және физикалық тұрғыдан ауырға соқпады ма? Биылға жоспар қандай?
- Әрине, Үлкен дулыға турнирін ұту оңай емес. Соңғы кездегі жеңістердің барлығы - бұл бүкіл команданың ауқымды жұмысы және мен үшін үлкен тәжірибе. Болашақта осы жолдан таймай, ойынды жақсартып, барлық жағынан алға ұмтылу керек. Алда тағы бір Үлкен дулыға турнирін жеңіп алсам деймін.
- Қазір қандай турнирлерге дайындалып жатырсыз?
- Қазір жоспар бойынша Штутгарт турнирі тұр. Одан әрі Рим, Мадридтегі ірі турнирлер және Үлкен дулыға (Ролан Гаррос – ред) бар.
- Сіз үлкен нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіп қоясыз. Спорттан тыс нәрсеге уақыт бар ма, бос уақытта немен айналысасыз?
- Мен спорттан тыс көп дүниемен айналысамын деп айта алмаймын. Өйткені, уақыт аз. Бос уақытым отбасыммен өтеді. Мүмкіндігінше жақындарыммен бірге болуға тырысамын.
- Басты қарсыласыңыз ретінде кімдерді санайсыз?
- Мықты ойыншылар жеткілікті. Олардың көбімен ойнаған матч маған ауыр тиді. Жыл басынан берілмейтін қарсыласымның бірі Арина Соболенко шығар. Ойнау оңайға түспейтін, бірақ жеңгің келетін ойыншылар көп. Крейчикова өте мықты ойыншы, қазір Онс Жабер тенниске қайта оралып, турнирде жеңіске жетті. Одан бөлек, Ига Швентек бар. Қарсыластар жеткілікті, жұмыс істеу керек.
- Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны қабылдады.
Теннисші мәлім еткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаға орамал мен сағат сыйлаған.
Сондай-ақ, спортшы БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып қазақстандық жанкүйерлердің ерекше қолдау көрсететінін айтып өтті.
Одан бөлек, Елена Рыбакина жеңіске жетудің оңайға соқпайтынын айта келе, кейде теннисті тастап кеткісі келетін сәттер болатынын мойындады.