Ойы - даңғыл, көкірегі - қазына Өмірбек Байгелді

None
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тәуелсіз Қазақстан тарихын парақтасақ, елімізде аз ғана жыл ішінде ғасырға татитын қыруар жұмыстар атқарылғанына, қиын қыстау кезеңдердің түрлі кедергілерін өткергеніне куә боламыз. Тәуелсіздікті жариялау қаншалықты қиын болса, сол тәуелсіздікті шайқалтпай, қаз тұрған жас мемлекеттің іргетасын берік қып бекіту де оңай шаруа емес екендігі белгілі.
Қазақстанның алғаш мемлекеттігі қалыптасқан кезеңде де түрлі қиыншылықтар алдан шықты. Күйреген кеңес империясының түрлі саладағы қалдырған қиындықтарын жоюмен қатар, елдің ертеңі үшін жауапты қадамдар жасауға тура келді. Жаңадан құрылған мемлекетте барлығы да сапалы қалануы тиіс болатын. Бұл сол кездері құрдымға кете бастаған экономика саласында ғана емес, ең бастысы заң шығару, оны тиімді атқарту саласында да үлкен қиыншылықтарды алдыға тартып отырды. Ал ондай қиыншылықтарды еңсеру үшін де мемлекеттік билік тармақтарына білімді, іскер, тәжірибелі, парасат пен абырой беделі асқақ азаматтар сұранып тұрған болатын. Біз әңгімелегелі отырған сенатор Өмірбек Байгелді тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарында сондай сұраныстардың орнын толтырып, күні бүгінге дейін мемлекет мұраты, ұлт мәселесі бойынша аянбай еңбек етіп келе жатқан алаштың атпал азаматы. Қызметтік жолын туған өлкесіндегі қарапайым жұмысшы болудан бастаған Ө. Байгелді іскерлігі мен тәжірибесінің арқасында биік лауазымдардың бірінен соң бірін бағындырды. 1990-1995 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы, облыс әкімі қызметтерін атқарды. Кейіннен Бірінші сайланған ҚР Парламентінде Елбасының ұсынуымен Сенат төрағасы болып, еліміздегі кәсіби заң шығарушы органның жаңа талапты негізін қалаушылардың бірегейі болды. 1995 жылы жалпыхалықтық референдум бойынша қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес жаңа кәсіби Парламент жасақталып, Өмірбек Бәйгелді қос палатадан тұратын Парламентке Жамбыл облысынан сенатор болып сайланған болатын. Бұған дейін өзінің туған өлкесінде облысқа басшылық етіп, одан соң ҚР Президентінің кеңесшісі лауазымын атқарған Ө. Байгелдінің Сенатқа төраға болып келуі тәуелсіз мемлекеттің қиыншылықтан әлі де толық арыла алмаған кезеңі болатын. Өйткені экономиканы нарықтық бағытқа аударудың, саяси қайта құрылымдар жасаудың төтенше салынған дайын жолы болған жоқ. Бір жағынан қоғам дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудегі тәжірибенің аздығы да тек ерен еңбекті ғана емес, қажымас қайратты, саясаткерлердің табандылығын талап етті. «Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі күндері де түрлі экономикалық, саяси қысымдар болып тұрды. Басқасын айтпағанда, қазақтың мемлекеттілігіне қарсы «рубльдің шеңберінде қалыңыздар, әйтпесе ел болуларың екіталай» деген кері пікірлер де сырттан айтылып жатты. Сол үшін де қиыннан қиыстырып, жол табудың арқасында ғана қазақ тәуелсіздігінің іргетасы берік болды», дейді сенатор. Сондықтан да, Ө. Байгелді Сенатқа төрағалық еткен жылдары заң шығарушы органның кез-келген мәселені жаңадан бастауына, халық пен мемлекет үшін маңызды құжаттарды қабылдап, қоғам өміріне енгізуде салмақты да парасатты шаралар атқарылды. «Ең бастысы бірінші сайланған депутаттар парламентаризмнің одан кейінгі даму жолының негізгі бағыттарын дұрыс таңдай алдық. Біз түрлі пиғылдағы әрекеттер жасалғанына қарамастан, осы жолдан таймай отырып қызмет еттік. Сондықтан да кейінгі ұрпақ құқықтық мемлекет негізіндегі демократия мен нарықтық экономикаға бағытталған эволюциялық жолды таңдағанымызды дұрыс бағалайды деп сенемін», дейді Ө. Байгелді. Шындығында, бірінші сайланған Парламент мемлекет үшін базалық болып табылатын, оның ішінде конституциялық заңдарды қабылдап, саяси реформаларды жүргізуге, ел экономикасының одан арғы дамуына берік негіз қалыптастырды. Атап айтқанда, бюджеттік саладағы заңнамалық актілер, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар туралы заңдар, нарықтық қатынасты реттейтін заңдар топтамасы, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі заңдар ? бұлардың барлығы қоғам дамуын тоқтатпайтын тың серпін болды. «Бізді сол кезеңдерде қабылданған заңдар бойынша іле-шала өзгерістер енгізіп жатыр деп кіналаушылар да болды. Бірақ, мемлекеттіктің қалыптасуындағы осы кезеңді көз алдыңызға елестетіп көріңізші: біз жылдам өзгерістер орын алып жатқан дәуірде ескі формаларды жойып, жаңа тетіктерді тудырып, іске қосу жұмыстарын қолға алдық. Ал заң қалай болғанда да бүгінгі жағдайға, заман қалауына байланысты қабылданып отырды әрі бұған өмірдің өзі түзету енгізуді талап етті. Сондықтан да, сол кезеңдерде ғана емес, бүгінгі күндері де заман ағымына қарай бейімделіп, заңнамалық актілерге уақтылы өзгерістер мен толықтыруларды енгізудің тиімділігі зор болып табылады. Расында заң жобасын әзірлеу қашаннан оңай жол емес. Тіпті осындай шығармашылық үстінде қазақтың тарихын қайта қопарып, көне дәуірлерді де шарлап кетесің», дейді Ө. Байгелді. Айтса айтқандай-ақ, бүгінгі күні Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде белсенді қызмет етіп жүрген Өмірбек Байгелді заң шығармашылығымен қоса терең тарамдалған ата тарихты үңіле зерттегенді, басқа халыққа сіңіп кеткен бабалар атын қазаққа қайтарып, ұлықтауды мақсатқа айналдырған. Әдетке айналдырып ғана қоймай, ондай жағымды жаңалықтарды жиын барысында мәселе етіп қоя да білетінін, көнерген дүниені жаңғыртуға күш салып жүргенін көріп жүрміз. Мәселен, сондай жаңғыртудың бірін жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде «Жыр жұлдызы» атты мақаласында Сауытбек Абдрахманов жан-жақты айтып өтеді. Онда автор артына өлмес өнеге қалдырып, мың жылдан астам уақыттан бері қытайдың рухани абызы аталып келген Елібай ақынның қазаққа оралуына көп еңбек сіңірген Өмірбек Байгелдіге ерекше бас иеді. «Алаштың абзал азаматы Өмірбек Байгелдінің ел үшін еткен еңбегін ерекше көрсетуге тиіспіз. Өмекең ақын өскен өлкеге арнайы барып, сондағы ғалымдармен, әдебиетшілермен апталап аралап-құраласудың, Ли Бо өмірімен, өнерімен жан-жақты танысудың арқасында ақын мұрасын толықтай қолымызға тигізді. Ол ғұмыр кешкен жердің бар сипатын бейнелейтін, Либайтанушылардың ақынның қазақ даласына қандай қатысы барын нақты айтқан сөздерін жазып алған. «Табылмай келген қазына» атты деректі фильм де шығарылды. Ли Боның өлеңдері үш тілде ? қытай, қазақ, орыс тілдерінде қатар жарияланатын жинақ та Өмірбек Байгелдінің жетекшілігімен, қамқорлығымен жарық көріп отыр», деп жазады С. Абдрахманов. Шынын айтсам, журналистерге бүгінгі күні Өмірбек Байгелді мүшелігінде болып отырған Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қай жағынан алып қарағанда да тартымдылығымен ерекшеленіп тұрады. Осы комитеттің отырысында бұрынғының дала абыздары, өңшең аузы дуалы билері бас қосып кеңес құрғанындай, көненің сарқытын ұрпаққа аманаттау үшін сөз бастаған шешендердің мәжілісі өтіп жатқандай сәттерді көз алдыңа елестетеді. Тіпті кейбір мәселенің терең тарихына бойлап, ол жайында сөз қозғалып, оның арты үлкен насихатқа, таптырмас қазынаға ұласып та жатады. Ондай болатын да жөні бар, өйткені бұл комитет отырысында Өмірбек Байгелді, Әбіш Кекілбайұлы, Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтанов, Оралбай Әбдікәрімов, Ғани Қасымов, Аманжол Бөлекбаев секілді «тірі жүрген қай қазақтан кем сөйлемейтін» (Кекілбайұлының өздері туралы айтқан сөзі ғой) алаштың абыройлы ақсақалдары бас қосады. Сондықтан онда айтылған әңгіменің де жөні бөлек. Сондай есте қалған әңгіменің біріне тоқтала кетейік. Бұл осы 2009 жылғы ақпанның 3-індегі Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында Комитет сенаторларының «Қосымша айырым эмблемасын қабылдауға қатысты 1949 жылғы 12 тамыздағы Женева конвенцияларына қосымша хаттаманы (ІІІ хаттама) ратификациялау туралы» заң жобасын талқылауы барысында айтылған әңгіме. Ол бойынша «қызыл жарты ай мен қызыл крестке» қосымша белгі қарастырылатын. «Крест» деген сөздің өзі қазаққа таңсық емес. Бұл сырттан келген сөз емес. Біздің бабаларымыз бұндай белгіні ілгері заманда қолданған, оның өзі шығыстан шыққаны белгілі. Бірақ, бұның аты «крест» емес «айқыш» болатын. Қазақта «айқыш-ұйқыш» деген сөз болса, бұндағы «айқышыңыз» - крест те «ұйқышыңыз» - жұлдыз. Сондықтан да бұны «қызыл айқыш» деп жазуға да болатын еді. Бізде сөз болмағандай «крест» дей береміз бе? Бүгін қолданылып жүрген «таможня» сөзі де баба сөзі - «тамға салығы» дегеннен шыққан. Қазақта болған осындай дүниенің көбісі бір заманнан кейін айналып келіп, басқа елдің дүниесі болып қайта оралып жатыр. Мәселен, түркілердің он екі жылдық мүшел есебі әлі күнге дейін қазақ арасында қолданылады. Соны білмейтіндер оны Қытайдан шықты деп қателесіп жатады. «Әз- Наурызды» парсыдан шықты дейді ? мүлдем дұрыс емес. Зерттеу керек. Бір кездері қазақ даласындағы Арыстанбап туған өлкеде өсетін жаңғақ Александар Македонскийдің туымен бірге жіберіліп, сол жақта өсіріліп, көбейтіліп енді «грек жаңғағы» болып қайтып келіп жатыр. Бұл секілді сөздердің де, дүниелердің де барлығының тұғырын іздеп тауып, түркіге, қазаққа қайтаратын шаруалар істелуі тиіс», деді Ө. Байгелді. Бұл Өмірбек Байгелдінің жас шенеуніктерге: «Ізден, талпын тым болмаса сондай істер атқаратындардың, қазақтың тарихы мен мәдениетін зертейтіндердің жағдайын жасауға қам қыл», - деп айтқан ақылының бір қыры ғана. «Біз осындай отырыста, жас шенеуніктердің алдында ойлап жүрген, қиялымызға, жетемізге сіңіп отырған мәселені айтып қалуға тырысамыз. Ертең бір ұрпақ ауысқаннан кейін дәл бүгінгі отырыста біз айтып отырған бұндай әңгіме сол ұрпақтың қиялына де келмей қалуы, біз айтқан әңгімені сөз қылатын адамның да болмай қалуы мүмкін. Сондықтан да кейбір азаматтар осыны ескеруі қажет. Қазақта сөз қалған ғой: «Үлкен адам айтпады демесін» деген. Үлкен болған соң, айту парыз», дейді әріптесін қолдаған сенатор Әбіш Кекілбайұлы да. Бұндай әңгімені тыңдай отырып тағы да айта түссе екен деп іштей тілейсің. «Тарихқа келетін болсақ, менің ойымша, жастар санасына қазақтың кезінде төрткүл дүниені тітіренткен Сақ, Ғұн секілді ұлы халықтың бүгінгі ұрпағы екендігін сіңіре берудің қосары мол. Яғни, Қазақстан мемлекеті бұрынғы шығыстан бастап Еуропаға дейінгі алып далада үстемдік еткен ұлы империялардың қалдығы. Халықтың аты өзгеруіне байланысты оның ізін таба алмай жатқанымыз да рас. Бірақ, кейінгі ғалымдар осы іспен шұғылданса, қазақтың түп тамырынан қазып, бұрынғы өркениетті империяның бұтағы бүгін гүлденген елге айналғанын әлемге мойындатса дұрыс болар еді», деген игі тілегін де қоса айтып жүреді Өмірбек Байгелді. Бүгін Сенат депутаты Өмірбек Байгелді ел ағасының жасына ? жетпіске жетіп отыр. Алаштың ойы ? даңғыл, көкірегі - қазына қадірлі тұлғасына ғұмыр ұзақтығын тілейміз.