Ойын бизнесі жөніндегі заң жобасы бойынша қос палата арасында келісім комиссиясы құрылды

None
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат/Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты тарапынан енгізілген өзгерістерді талқылады.
Осыған орай, қос палата арасында келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданып, оның құрамына Мәжіліс депутаттары сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасы ойын бизнесін мемлекеттік реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген. Сонымен бірге, құжат қолданыстағы заңнамалық актілердегі олқылықтар мен ағаттықтарды жоюға, ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеуге және заңнаманы бұзғандығы үшін жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа құмар ойындары мен бәс тігуді өткізуге және оған қатысуға байланысты талапты нақтылау үшін Азаматтық кодекске өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ, заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен «Жеке кәсіпкерлік туралы» және «Ойын бизнесі туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Бұған қоса лицензияның күшін жою сияқты бірқатар толықтырулар мен түзетулер енгізілді. Қолданыстағы заңда «ойын мекемесін ұйымдастырушы» деген сөздің мағынасы ашылып көрсетілмегендіктен, заң жобасында бұл сөздердің барлығы «ойын бизнесін ұйымдастырушы» деген сөзбен алмастырылған. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар 10 түзету енгізген болатын. Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары осы түзетулердің алтауы бойынша өз ұстанымдарын қорғау туралы шешім қабылдады. Осыған орай, келіспеушіліктерді еңсеру үшін қос палата арасынан келісім комиссиясы құрылып, оның құрамына төменгі палатадан депутат Ж. Асанов, М. Ахмадиев, Ж. Дүйсебаевтар сайланды.