Ойын бизнесінен түскен заңсыз табыс 220 млн.теңгені құрады -Қаржы полициясы

АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жылдың басынан қаржы полициясы органдарымен заңсыз ойын бизнесі саласында 22 қылмыстық іс қозғалды.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі (қаржы полициясы) Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Жылдың басынан қаржы полициясы органдарымен заңсыз ойын бизнесі саласында 22 қылмыстық іс қозғалды. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішінен 20 пайызға артық. 17 қылмыстық іс сотқа жіберілді, 7 адам сотталды»,- деді ресми өкіл.

М. Жұманбайдың сөзіне қарағанда, жүргізілген тексерістер нәтижесінде 142 астыртын ойын мекемесінің қызметі әшкереленді. Заңсыз ойын айналымынан 35 млн.теңге, 1039 ойын автоматы, 34 рулетка және карта ойынына арналған 56 стол тәркіленді.

«Қаржы полициясының мәліметі бойынша, ойын бизнесінен түскен заңсыз табыс 220 млн.теңгені құрады»,- деді ол.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес казино мен ойын автоматтарының залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданының аумағында ғана орналастырылуы тиіс.