Ең алдымен журналистер алдына даниялық команданың жаттықтырушысы Нильс Фредериксен мен команда капитаны Ханс Хенрик Андреасен шықты.
«Жолға ұзақ уақыт кетті. Бірақ абырой болғанда ешқандай қиындық туындаған жоқ. Алматыға таңертең жеттік. Жақсылап демалдық. Қазір жаттығып жатырмыз. Жігіттер ойынға сақадай дайын. Ертеңгі ойынды асыға күтеміз. Жалпы, командада аздаған өзгеріс орын алды. Өткен жылғы құрамның екі ойыншысын саттық. Енді, қалай болғанда да әрбір ойынның өз қиындығы болады ғой. Бірақ біз соған қарамастан жеңіске жетуге тырысамыз» - деді өз сөзінде Нильс Фредериксен.
Өз кезегінде команда капитаны Алматыда күннің тым ыстық екендігіне назар аударды.
«Данияға қарағанда Алматыда күн ыстық екен. Бірақ бұл біздің ойынымызға әсер ете қоймас деп ойлаймын. Мұны енді ертеңгі уақыт көрсетеді. Ал Қазақстанның үлкен мемлекет екенін осы жаққа ұшып келе жатып бір-ақ білдік! Оның үстіне мен Қазақстан туралы «Астана» велокомандасынан басқа ештеңе білмейді екенмін», - деп ағынан жарылды Ханс Хенрик Андреасен.
Өз кезегінде журналистер алдына шыққан «Қайрат» командасының жаттықтырушысы Владимир Вайсс команданың ойынға жақсы дайындықпен келгенін жеткізді.
«Қарсыласымыз мықты команда. Мықты чемпионаттың белді клубы. Өткен жылы Еуропа лигасында жақсы өнер көрсетіп, жұртшылықты тәнті еткен. Бірақ бұл футбол ғой. Әр команданың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Яғни, елу де елу. Кеше қарсыласымыздың ойындарына қатысты бейнетаспаларды көріп, сараптама жасадық. Ойыншыларымызға өз міндеттерін тәп т іштеп түсіндірдік. Жігіттердің дайындығы жақсы. Ертең жақсы ойынды күтеміз. Ойын тізгінін өз қолымызда ұстап, қалайда жеңіске жетуге тырысамыз», - деді Владимир Вайсс.
Команда капитаны Самат Смақов команданың көңіл-күйі көтеріңкі екендігін білдірді.
«Біздің кезекті қарсыласымыз шынында да мықты команда. Кеше жігіттердің барлығына өз позицияларына қатысты бейнекөрсетілімдер таратылды. Міндеттері түсіндірілді. Енді үйде ойнап жатырмыз ғой. Қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Жанкүйерлердің сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз» - деді команда капитаны.
Естеріңізге сала кетейік, ойын бүгін Алматы қаласының Орталық стадионында кешкі сағат 20:00-де басталады.
Қарымта кездесу 24 шілдеде Данияда өтеді.